Әссәләумағалейкум Мұсылман Бауырлар ! ! !

Информация о пользователе

Привет, Гость! Войдите или зарегистрируйтесь.


Вы здесь » Әссәләумағалейкум Мұсылман Бауырлар ! ! ! » Сүрелер » Бақара сүресінің жалғасы


Бақара сүресінің жалғасы

Сообщений 1 страница 2 из 2

1

Тәңірлерің бір-ақ Тәңір. Одан басқа eшбip Тәңip жоқ. Ол, аса қамқор, ерекше мейірімді. (163)

Күдіксіз көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күннің ауысуында, адам баласына пайдалы нәрселермен теңізде жүрген жаңбыр жаудырып, жер өлгеннен кейін онымен жандандыруында әрі онда әр түрлі хайуанды таратуында, жердерді және көк пен жердің арасындағы бағынышты бұлтты басқаруында әлбетте ойлаған елге (Алланың барлығы, бірлігіне) белгілер бар. (164)

Адамдардың кейбіреулері Аллаға өзгені теңдес етеді де оларды Алланы сүйгендей сүйеді. Ал мүміндер, Алланы тағы артық сүйеді. Егер залымдар азапты көрсе, бүкіл қуаттың Аллаға тән екенін, шын мәнінде Алланың қатты азап иесі екенін білсе еді. (165)

Сол уақытта ерілгендер (бастағандар), өздеріне ергендерден безеді. Сондай-ақ олар азап көргенде қарым- қатынастары кесіледі. (166)

Ал ерушілер: «Әттең! Бізге (дүниеге) қайтар күн болса, олар бізден безгендей, бізде олардан безер едік» дер. Солайша Алла олардың істеген істерін өздеріне өкініш етіп көрсетеді. Сондай-ақ олар тозақтан шығушы емес. (167)

Әй адам баласы! Жер жүзінде болған халал, таза нәрседен жеңдер! Және шайтанның ізіне ермеңдер! Өйткені ол сендерге ашық дұшпан. (168)

Шынайы түрде ол сендерге жамандықты, арсыздықты және Аллаға қарсы білмейтіндеріңді айтуды нұсқайды. (169)

(Мекке мүшріктеріне) Алла түсірген (Құранға) бой ұсыныңдар делінсе, олар: «Жоқ, үстінде ата-бабаларымызды тапқан жолға ілесеміз» деді. Егер аталары еш нәрсені түсінбеген әрі тура жолда болмаған болса да ма? (Сонда да солардың жолымен жүре ме?) (170)

Кәпірлердің, мысалы: Дабыстағанда, үнді, айғайды ғана естіп түсінбейтін біреу тәрізді; саңырау, сақау және соқыр. Сонда олар еш нәрсені аңғармайды. (171)

Әй мүміндер! Ризықтандырғанымыздың жақсысынан жеңдер. Әрі Аллаға шүкірлік етіңдер, егер Оған ғана құлшылық ететін болсаңдар. (172)

Шынайы түрде сендерге өлексені, (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды. Сонда кім мәжбүрленсе, қарсылық қылмаса, шектен шықпаса оған кінә жоқ. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (173)
(Алладан басқаға арналып бауыздалған мал арам. Егер бір Мұсылман Алладан басқаға жақындасу ниетімен бауыздаса діннен шығады. Бауыздағаны жемтік болады. Және мәжбүрлік екі түрлі: Жейтін таба алмау, не біреу зорлау.)

Сондай Алла түсірген Кітаптан (Тәураттағы Мұхаммед Ғ.С.ның сипаттарын) жасырып, оны аз ақшаға (дүниеге), айырбастағандар, Солар қарындарына отты ғана жейді. (Қарындарын отпен толтырады.) Қиямет күні Алла оларға тіл қатпайды да оларды ақтамайды және оларға күйзелтуші азап бар. (174)

Олар адасуды туралықтың орнына, азапты жарылқаудың орнына ауыстырып алғандар. Сонда олар тозаққа қалай шыдайды? (175)

Осы, Алланың Кітапты туралықпен түсіргендігі үшін. Негізінен Кітап жайында таласқандар ұзақ қайшылықта. (176)

(Яһудилер Месжід Ақсаны, Христиандар оның шығыс жағын қыбла тұтып, әрқайсысы өз қыбласын жақсы деп ойлайды.)
Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаға, ақирет күніне, періштелерге, кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға және құл азат етуге жақсы көре отырып, мал сарып қылса әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар. (177)

Әй мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді: Азатқа азат, құлға құл, әйелге әйел (өлтіріледі). Дегенмен оған туыс жағынан кешірілсе, оның ережеге үйлесуі екінші жақтың да оған дұрыс төлеуі қажет. (Егер қысас кешіріліп, құнға тоқтаса, алушының орынсыз егеске қысас істемеуі, берушінің де дұрыс орындауы керек.) Міне осы, Раббылары жағынан жеңілдік және мәрхамет. Ал кімде-кім бұдан кейін шектен шықса, (кек сақтаса) ол үшін ақыретте күйзелтуші азап бар. (178)

Әй ақыл иелері! Сендер үшін қысаста (кісі өлтіргенді өлтіруде) тіршілік бар. Әрине сақсынарсыңдар. (179)

Біреулеріңе өлім келген шақта, артына мал қалдырса, әке-шешесіне, жақындарына дұрыстықпен өсиет парыз етілді. Өсиет тақуаларға бір міндет. (180)
(Бұл аяттың үкімі мирас аятымен қалдырылған. 4-С.11-А)

Сонда біреу өсиетті естігеннен кейін ауыстырса, кінәсы оны өзгертушіге болады. Күдіксіз Алла әр нәрсені естуші, білуші. (181)

Кім өсиет етушінің қателескендігінен немесе кінәлы болатындығынан сезіктенсе, араларын түзелтіп қоюдың оқасы жоқ. (Өсиеттегі қателікті дұрыстауға болады.) Расында Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (182)

Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақсынарсыңдар. (183)

Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер, (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. (Мұндай ораза ауыр келетін кәрі, ауру не екі қабат, омырауда баласы болған әйелдер оразаның орнына күніне бір фітір садақасын беруіне болады. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. (184)

Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар. (185)

(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді» (186)

(Бастапта кей Мұсылмандар оразаның кешінде әйелдеріне жақындаспағандықтан осы аят түскен екен.) Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу халал етілді. (Өйткені бір-біріңді қорғауда) олар сендерге киім, сендер де оларға киім (іспетті) сіңдер. Алла өздеріңе зиян қылатындықтарыңды біледі. Сондықтан тәубелеріңді қабыл етіп сендерді кешірді. Ал енді (бұдан былай) оларға жақындасыңдар. Алланың өздеріңе жазғанын талап етіңдер. Және таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) айрылғанға дейін ішіңдер, жеңдер де соңсоң оразаны кешке дейін толық орындаңдар. Мешіттерде (ғибадат етіп) ығтикәфта болған кеште әйелдеріңе жақындаспаңдар. Осы Алланың шегі, оған жақындамаңдар. Осылайша Алла (Т.) сақсынулары үшін адамдарға аяттарын баян етеді. (187)

Араларыңдағы малдарыңды бұзық жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар. (188)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен жаңа туған айдың жағдайын сұрайды: «Ол, адамдар және хажылық үшін уақыт белгілеу» де. (Және олар хаж кезінде үйге арт жағынан кіруді жақсы деп ойлайды. ) Үйлеріңе артынан кірулерің бір жақсылық емес. Бірақ кім сақсынса сол жақсылық. Ендеше, үйлерге есіктерінен кіріңдер әрі Алладан қорқыңдар. Әрине құтыласыңдар. (189)
(Мекке кәпірлері Мұсылмандарға 13 жыл жапа шектіріп, Мединеге көшкеннен кейін де қырсоңдарынан қалмай әрі Меккедегі үй-мүліктерін талап алғандықтан, өздері килікпегендерге килікпеу, соғысқандар немесе оларға көмек еткендермен соғысу. Сондай қатын, бала және дін адамдарына соқтықпау шартымен қорғаныс соғысына әмір түседі.)

Өздеріңмен соғысқандармен Алла жолында соғысыңдар да шектен шықпаңдар. Негізінен Алла (Т.) шектен шығушыларды жақсы көрмейді. (190)

Оларды қайдан тапсаңдар да өлтіріңдер. Өздері, сендерді (Меккеден) шығарғандай оларды шығарыңдар. Бұзақылық, кісі өлтіруден қиын. Месжіт Харамның жанында олар сендермен соғыспайынша, ол жерде олармен соғыспаңдар. Егер олар сендерді өлтірсе, сендер де оларды өлтіріңдер. Кәпірлердің жазасы осылай. (191)

Егер олар бұзақылықтан тыйылса, күдіксіз Алла жарылқаушы, ерекше мейірімді. (192)

Олармен бұзақылық қалмай, дін Аллаға тән болғанға дейін соғысыңдар. Егер олар тыйылса, дұшпандық залымдарға ғана. (193)

Құрметті ай, құрметті аймен және құрметтер долай. (Құрметті айларда соғысу не соғыспай құрметтеулер, екі жаққа бірдей). Сонда кім сендерге соқтықса, сендер де олар сендерге соқтыққандай соқтығындар және біліңдер, шәксіз Алла тақуалармен бірге. (194)

Алла жолында мал сарып қылыңдар. (Сараң қорқақ болып) өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді. (195)

Хаж және умраны Алла үшін толық орындаңдар. Егер (жолда) тосылсаңдар, құрбандықтан қолайлысы болады. Құрбандық орнына барғанға дейін шаштарыңды алдырмаңдар. (Құрбандық барып бауыздалғаннан кейін шаш алдырып ыхрамнан шығады). Біреу (ықрамда) науқас немесе басында бір жайсыздық болып, шаш алдырса ораза не садақа немесе құрбандықтан төлеу салады. Ал қашан амандықта болсаңдар хажға дейін умрадан пайдаланса, (әуелі умраны орындап, ыхрамнан шығып, хаж үшін қайта ыхрам байланса, бұны «Хаж Тәматтұғ» деп атайды). Сонда қолайлы бір құрбан шалады. Егер біреу құрбандық таба алмаса, хажда үш күн, үйге қайтып келгенде жеті күн болып, толық он күн ораза ұстайды. Бұл үйі Месжід Харамның маңында болмағандар үшін. Алладан қорқыңдар. Негізінен Алланың қатты азап иесі екенін біліңдер. (196)

Хаж (шәууал, зылқағда және зылхажжаның онына дейінгі) белгілі айлар. Кім ол айларда (ыхрам байланып) міндеттенсе, хаж кезінде әйелге жақындасу, кінә істеу және жанжал жоқ. Әй ақыл иелері! Нендей қайыр істесеңдер, Алла оны біледі. Және азық алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық. «Әй ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар.» (197)

Сендерге Раббыларыңның кеңшілігін іздеулеріңнің (кәсіп істеулеріңнің) оқасы жоқ. Қашан Ғарафаттан қайтсаңдар, Машғарыл Харамның қасында, Алланы еске алыңдар. Сондай-ақ Оны, сендерге нұсқағанындай еске алыңдар. Сендер бұрын азғындардан едіңдер. (198)
(Бұрын Құрайыштар дандайсып, Ғарафатқа бармай Мүзделіфеден қайтатын және Минада ата-бабаларын мақтайтын еді)

Соңсоң ел қайтқан жерден қайтыңдар да Алладан жарылқау тілеңдер. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді. (199)

Қашан хаж амалдарыңды өтесеңдер, (Минада) Алла (Т.) ны ата-бабаларыңды зікір еткендей тіпті одан да артық зікір етіңдер. Сонда адамдардан кім : «Раббымыз! Бізге дүниеде ғана жақсылық бер!»,- десе оларға ақиретте несібе жоқ. (200)

Және олардан кім: «Раббымыз! Бізге дүниеде де жақсылық бер әрі ақыретте де жақсылық бер. Және тозақ отының азабынан сақта!»,- дейді. (201)

Міне олар үшін амалдарынан үлес бар. Алла (Т.) есепті тезінен көруші. (202)

Санаулы күнде Алланы зікір етіңдер. Сонда кінәдан сақтанған кісіге, (Минадағы ғибадатты) асығып екі күнде бітірсе оқасы жоқ. Біреу кешіксе де кінә жоқ. Алладан қорқыңдар әрі негізінде Аллаға қайтарылатындықтарыңды біліңдер. (203)

(Мүшріктерден Шарқ Ұлы Ахнас Мұхаммед Ғ.С. ға келіп әдемі сөздермен Мұсылман болғанын айтып, шыға бере Мұсылмандардың егіндерін өртеп, малдарын өлтірген екен.)
(Мұхаммед Ғ.С.) адамдардан кейбіреулерінің дүние тіршілігіндегі сөзі өзіңді таңырқатады да Алланы жүрегіндегісіне айғақ қылады. Ол өте сотқар қаскүнем. (204)

Қашан беті бұрылса, жер жүзінде сотқарлық істеуге сондай-ақ егінді, малды жоқ етуге тырысады. Алла жауыздықты жақсы көрмейді. (205)

Ал қашан оған: «Алладан қорық!»,- делінсе, оның паңдығы ұстап, өзін күнәкар етеді. Оған тозақ жетеді, нендей жаман орын. (206)

Адамдардан Алланың ризалығын іздеп жанын сататындар да бар. Алла (Т.) құлдарына тым жұмсақ. (207)

Әй мүміндер! Исламға бүтіндей кіріңдер. Шайтанның ізіне ермеңдер. Өйткені ол, сендерге ашық дұшпан. (208)

Сендерге ашық дәлелдер келгеннен кейін жолдан тайсаңдар, біліңдер Алла тым үстем, хикмет иесі. (209)

Олар (Исламға толық кірмегендер), бұлттың көлеңкесінде Алла және періштелер келіп, істің бітіп кетуін ғана күте ме? Істер Аллаға қайтады. (210)

(Мұхаммед Ғ.С.) Израил ұрпақтарынан сұра. Оларға қаншалаған ашық мұғжизалар келтірдік. Кім өзіне Алланың нығметі келгеннен кейін өзгертсе, күдіксіз Алла қатты азап иесі. (211)

Сондай кәпір болғандарға дүние тіршілігі әдемі көрінді де Мұсылмандарды тәлкек қылады. Негізінде тақуалар қиямет күнінде олардан үстем болады. Және Алла қалағанын есепсіз ризыққа бөлейді. (212)

Адам баласы бір-ақ үммет еді. Сонда Алла қуандырушы, қорқытушы пайғамбарлар жіберді. Адамдардың араларындағы талас нәрселерге үкім ету үшін олармен бірге хақ Кітап жіберді. Сол кітап берілгендер, ашық дәлел келгеннен кейін араларындағы кекшілдіктен ғана қайшылыққа түсті. Сонда Алла иман келтіргендерді, олар тартысқан шындыққа өз ұйғаруымен жеткізді. Алла қалағанын даңғыл жолға салады. (213)

(Мұсылмандар!) Сендерге бұрыңғы өткендердің басына келген сияқты (жағдай) келмей жаннатқа кірулеріңді ойладыңдар ма? Оларға, ашаршылық, ауыру-науқас келді. Сондай-ақ Пайғамбар және онымен бірге иман келтіргендер: «Бізге Алланың жәрдемі қашан болар екен?»,- дегенге дейін (қиыншылықта) тербетілді. Естеріңде болсын. Негізінен Алланың жәрдемі жақын. (214)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен Алла жолында не беретіндіктерін сұрайды. «Нендей қайыр сарып қылсаңдар; Әке-шеше, жақындар, жетімдер, міскіндер және жолда қалғандар үшін. Қайырдан не істесеңдер, күдіксіз Алла оны біледі» де. (215)

(Әй мүміндер!) Сендерге сүйкімсіз болса да соғыс парыз қылынды. Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер. (216)
(Бәдір соғысынан бұрын жіберілген бір шалғыншы кәпірлермен қақтығысып қалған күні кешінде Режеп айы көрініп қалады.)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен құрметті айда соғысудан сұрайды. Оларға: «Ол айда соғысу зор кінә. Дегенмен, Алланың жолынан тию, Оған қарсы келу, Месжід Харамнан тыю және оның тұрғындарын шығару Алла (Т.) ның қасында тағы зор күнә» де. Сондай-ақ жауыздық, кісі өлтіруден де зор. Егер олардың шамалары келсе, сендерді діңдеріңнен қайтарғанға дейін өздеріңмен соғысуды үзбейді. Сендерден кім діннен қайтып, ол кәпір күйінде өлсе, олардың амалдары дүние, ақыретте де жойылып және олар тозақтық болып, олар онда мәңгі қалады. (217)

Шынайы иман келтіргендер, ауа көшкендер және Алла жолында соғысқандар міне солар, Алланың рахметін үміт етеді. Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (218)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен арақтан, құмардан сұрайды. Оларға: «Екеуінде де зор күнә бар. Адамға пайдасы бола тұра, пайдасынан көрі күнәсы зорырақ» де. Ал және сенен: «Алла жолында не беретіндіктерін» сұрайды. «Артығы беріледі» де. Алла (Т.) сендер түсінер деп аяттарын өстіп баян етеді. (219)
(Бұл аят бойынша, арақ пен құмардың зор күнә екендігі, сондай-ақ пайдасынан күнәсы зор екендігі білдіріліп, 4-С.43-А. та, мас халінде намазға жақындамау нұсқала отырып, 5-С.90-А. арқылы “нәжіс” делініп кесімді түрде тыйым салынған.)

(Дүние, ақиретте ойланыңдар…) (Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен жетімдердің жайынан сұрайды. Оларға: «Жетімдерді түзету жақсы. Тіпті оларды қосып алсаңдар, сонда олар туыстарың. (Бөтендігі жоқ.) Алла (Т.) бұзушыны, түзеушіден айырып біледі. Алла қаласа, әлбетте сендерді зорлар еді» де. Шын мәніде Алла өте үстем, хикмет иесі. (220)

Мүшрік қатындармен олар иман келтіргенге дейін үйленбеңдер. Азат мүшрік қатыннан мүмін күң артық. Егер сендерді қызықтырса да. Және иман келтіргенге дейін, мүшрік ерге мүмін әйелдерді де үйлендірмеңдер. Егер олар сендерді қызықтырса да. Мүшрік азат ерден мүмін құл артық. Олар, тозаққа шақырады да, Алла өз ұйғаруымен жаннатқа шақырады. Сондай-ақ адамдар үгіт алсын деп, аяттарын баян етеді. (221)

(Мұхаммед Ғ.С.) олар сенен етеккір жайынан сұрайды. Оларға: «Ол жиренішті нәрсе, етеккір кезінде әйелдерден аулақ болыңдар. Оларға тазарғанға дейін жақындаспаңдар. Қашан олар нақ тазарса, оларға Алланың өздеріңе бұйырған жерінен жақындасыңдар» де. Шәксіз Алла тәубе етушілерді жақсы көреді әрі таза болушыларды да жақсы көреді. (222)

Өйткені әйелдерің егіндіктерің. Егіндіктеріңе қалай қаласаңдар келіңдер. Алдын ала өздерің үшін қамданыңдар. Сондай-ақ Алладан қорқыңдар да негізінен Аллаға қауышатындықтарыңды біліңдер. (Мұхаммед Ғ.С.) мүміндерді қуандыр. (223)

Алла деген анттарыңды жақсылық істемеулеріңе, сақсынбауларыңа және адамдардың арасын жарастырмауларыңа бөгет қылмаңдар. (Алланың атымен бұндай ант етпеу, етілген жағдайда кәферат беріп бұзу керек.) Алла (Т.) әр нәрсені естуші, білуші. (224)

Алла анттарыңдағы бос сөзді тергемейді. Алайда жүректерің істегенді есепке алады. (Ойламай ауызша еткен ант есеп емес.) Алла аса жарылқаушы, ерекше жұмсақ. (225)

Әйеліне жақындаспауға ант еткендер, төрт ай күтеді. (Егер төрт ай ішінде кәппарат төлеп) анттарын бұзса, шәксіз Алла (Т.) аса жарылқаушы, ерекше мейірімді. (226)

Егер олар талақ ниет етсе, (төрт айға дейін антын бұзбаса, талақ болады) Расында Алла әр нәрсені естуші, білуші. (227)

Талақ болған әйелдер, үш етеккір мерзімі күтеді. Оларға жатырларындағы Алланың жаратқанын жасырулары дұрыс емес. Егер олар Аллаға, ақирет күніне сенетін болса, бұл жерде егер жарасуды қаласа, әйелдерін қайта алуға өз ерлері лайығырақ. Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар. Әйелдерден көрі ерлердің дәрежесі артық. Алла (Т.) өте ұстам, хикмет иесі. (228)

Талақ екі рет. Сонда не туралықпен ұстау немесе жақсылықпен ажырасу керек. (Қайталай беру дұрыс емес.) Оларға бергендеріңнен еш нәрсе алуларың халал емес. Бірақ екеуі де Алланың шегін орындай алмаудан (бірге жасай алмаудан) қорықса және сендер де екеуінің Алланың шегін орындай алмауынан қауіп қылсаңдар, ол уақытта әйелдің, еріне бодау беруінде екеуіне де күнә жоқ. Міне осы Алланың шегі, сонда одан өтпеңдер. Ал кім Алланың шегінен өтсе, міне солар залымдар. (229)

(Екіден кейін) ер, әйелін мүлде ажыратса, бұдан кейін оған, ол басқа ерге тимейінше халал болмайды. Егер оны, ол (екінші ер) талақ қылса, екеуі де Алланың шегін орындаймыз деп ойласа, қайта табысуларында күнә жоқ. Бұл білген елге Алланың баян еткен шектері. (230)
(229, 230-А. бойынша, әйелін талақ қылдым дегеннен кейін ғыддаты толмай тұрып, екі рет сөзінен қайтуына болады. Бұны «Ражғи» талақ деп атайды.)

Қашан әйелдерді талақ қылсаңдар да олардың ғыддаты жетсе, сонда оларды туралықпен ұстаңдар немесе оларды дұрыстықпен біржола ажыратыңдар. Оларды зиян салып қанау үшін ұстамаңдар. Кім осыны істесе, рас өзіне зұлымдық қылған болады. Алланың аяттарын мазақ қылмаңдар және Алланың өздеріңе берген нығметін әрі сендерді насиқаттау үшін түсірген Кітапты, хикметті (Құранды, сүннетті) түсініңдер. Сондай-ақ Алладан қорқындар да күдіксіз Алланың әр нәрсені толық білетіндігін біліңдер. (231)

Қашан әйелдерді талақ қылсаңдар, ғыддаты бітсе, өз ерімен ризаласып үйленуін тоспаңдар. (Немесе өзара ризаласқан біреумен үйленуін тоспаңдар.) Бұл сендерден Аллаға, ақирет күніне иман келтіргендерге берілген насихат. Бұл сендер үшін тым таза, өте пәк. Алла біледі, сендер білмейсіңдер. (232)

Емізуді тамамдағысы келген кісі үшін; аналар, балаларын толық екі жыл емізеді. Ананың тиісті қорегі мен киімі, баланың әкесіне міндет. Әркімге шамасы келетін ғана жүктеледі. Ана, баласы арқылы әрі әке де баласы үшін зиянға ұшыратылмайды. Сондай-ақ мұрагерге де сол сияқты. (Бала емізушінің тиісті хақысы төленеді.) Егер әке -шеше ризалықпен кеңесіп, (омыраудан) айыруды қаласа, сонда екеуіне де күнә жоқ. Ал егер балаларыңды (бөгде әйелге) емізгілерің келсе, хақысын жақсылап тапсырсаңдар, сендерге күнә жоқ. Алладан қорқыңдар да біліңдер! Расында Алла істегендеріңді толық көруші. (233)

Сендерден қайтыс болып (артында) қалдырған әйелдердің өздері; төрт ай он күн (ғыддат) күтеді. Әрқашан олардың белгілі ғыддаты бітсе, олардың өздеріне байланысты істеген істерің (үйлену үшін киініп, түзелуінің) сендерге жауапкерлігі жоқ. Алла не істегендеріңнен толық хабар алушы. (234)

Ал (бұндай ғыддат ішіндегі) әйелдерге үйленуді жақауратып ескертулеріңде немесе іштеріңде сақтауларыңда бір сөгіс жоқ. Алла (Т.) негізінен сендердің оларды еске алатындықтарыңды біледі. Бірақ олармен жасырын уәде байласпаңдар. Әрине олармен әдеттегі сөз сөйлесу басқа. Ғыддаты жетпейінше неке байлауды ойламаңдар. Расында Алланың жүректеріңдегіні білетіндігін біліңдер. Сонда Одан именіңдер әрі біліңдер. Алла (Т.) тым жарылқаушы, ерекше мұлайым. (235)

Сендер әйелдерді жақындасудан, қалың тоқтасудан бұрын талақ қылсаңдар сөгіс жоқ. Сонда оларды шамалы өз жағдайынша, нашар өз халынша дұрыстықпен пайдаландырыңдар. Бұл жақсылық істеушілерге бір борыш. (236)

Егер оларға қалың тоқтасып, жақындасудан бұрын талақ қылсаңдар, онда тоқтасқан қалыңның жартысы оларға тән. Бірақ әйел кешсе немесе некенің түйіні қолындағы ер, кеңшілік етсе: (тұтас берсе) ол басқа. Кеңшілік етулерің тақуалыққа жақынырақ. Сондай-ақ араларыңда кешірімділікті ұмытпаңдар. Шәксіз Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші. (237)

Намаздарға сондай-ақ орта намазға сақтық істеңдер. Аллаға бой ұсынған түрде тұрыңдар. (238)

Ал егер қауіп-қатерде болсаңдар, жаяу немесе көлікте (бет алған жаққа ишарамен оқыңдар.) Қашан бейбіт болсаңдар, сендерге білмегендеріңді үйреткеніндей Алла (Т.) ны зікір етіңдер. (239)

Қайтыс болып, әйелдер қалдыратыңдар; әйелдерің бір жылға дейін (үйлерінен) шығарылмай қамдалуларын өсиет етсін. Егер өздері шығып олардың өздеріне байланысты дұрыс істеулерінде сендерге бір жауапкершілік жоқ. Алла (Т.) аса үстем, хикмет иесі. (240)

Ал ажыратылған әйелдердің де тиісті қамдалулары тақуалар үшін бір міндет. (241)

Алла (Т.) түсінулерің үшін сендерге аяттарын осылайша баян етеді. (242)

(Мұхаммед Ғ.С.) ол мыңдағандардың өлімнен қорқып, жұрттарынан шыққандарын көрмейсің бе? Алла оларға: «Өліңдер» деді. Соңсоң оларды тірілтті. Күдіксіз Алла адамдарға кеңшілік иесі. Дегенмен адамдардың көбі шүкірлік қылмайды. (243)

Алла жолында соғысыңдар әрі біліңдер. Алла толық естуші. (244)

Кім Аллаға көркем қарыз берсе, (Алла жолында ықыласпен мал жұмсаса) сонда Алла (Т.) ол үшін көптеген есе арттырып береді. Алла тарылтады да кеңітеді. Әрі Ол жаққа қайтарыласыңдар. (245)

(Мұхаммед Ғ.С.) Мұса (Ғ.С.) дан кейінгі Израил ұрпақтарының бастықтарын көрмейсің бе? Сол уақытта олар өз пайғамбарларына: «Бізге патша сайлап бер, Алла жолында соғысамыз» десті. Пайғамбар: «Мүбада сендерге соғыс парыз қылынса да соғыспасаңдар?!»,- деді. Олар: «Бізге Алла жолында соғыспайтын не болды? Расында жұрттарымыздан, бала-шағаларымыздан шығарылдық» десті. Бірақ оларға соғыс парыз болған сәтте, олардың өте аздарынан басқасы бас тартты. Алла залымдарды біледі. (246)

Оларға пайғамбарлары: «Дау жоқ. Алла сендерге Талұтты патша сайлады» деді. Олар: «Оның бізге патшалығы қалайша болады? Одан көрі патшалыққа біздер лайықпыз. Сондай-ақ оған малдан да кеңшілік берілмеген еді» десті. Пайғамбар: «Негізінен сендерге оны Алла сайлады да өзін білімде әрі тұлғада артық қылды. Алла әкімшілікті қалағанына береді. Алла, әр нәрсені кеңінен білуші» деді. (247)

Және олардың пайғамбарлары: «Оның патшалығының белгісі; Раббыларың тарапынан, көңілге тоқтау болатын сандықтың келуі. Онда Мұса, һарұн (Ғ.С.) семьяларынан қалған мұралар бар. Оны періштелер көтереді. Расында мұнда анық белгі бар. Егер сенсеңдер. (248)

Сонда Талұт әскерлерімен айрылған сәтте: «Расында Алла сендерді бір өзенмен сынайды. Кім одан ішсе, менен емес. Және кім одан татпаса, әрине ол менен. Бірақ кім қолымен көсіп алып қана ішсе басқа» деді. Сонда олардың өте азынан басқасы одан ішті. Сонымен Талұт және онымен бірге иман келтіргендер, өзеннен өткен шақта: «Бізде Жалұт және оның әскерлеріне төтеп берер күш жоқ» деді. Сондай олардың анық Аллаға жолығуды ойлағандары: «Алланың қолдауымен қанша аз топ, көп топты жеңген. Алла сабырлылармен бірге» деді. (249)

Олар Жалұт және жауынгерлерімен қарсыласқан сәтте: «Раббымыз! Сабыр бер, табанымызды бекітіп, бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бере көр!»,- деді. (250)

Сонда олар, оларды Алланың бұйрығымен жеңіліске ұшыратты. Дауыт Жалұтты өлтірді. Алла (Т.) Дауытқа патшалық, даналық берді. Әрі оған қалағанынан үйретті. (Темірден сауыт жасау, құстардың тілін білу, т.б) Алла (Т.) адам баласының бірін-бірі арқылы қорғамаса, жер жүзі бұзылар еді. Алла, бүкіл әлемге кеңшілік иесі. (251)

(Мұхаммед Ғ.С.) Осылар Алланың аяттары, оны саған шынайы түрде оқимыз. Шын мәнінде сен елшілерденсің. (252)

Сол пайғамбарлардың кейбіреулерін кейбіреулерінен артық қылдық. Алла олардың кейбірімен сөйлескен, кейінің дәрежелерін көтерген. Мәриям ұлы Ғиса (Ғ.С.) ға ашық мұғжизалар бердік те оны Жебрейіл (Ғ.С.) арқылы қуаттадық. Егер Алла қаласа, өздеріне ашық дәлелдер келгеннен кейін олар, пайғамбарлардан соң соғыспас еді. Бірақ олар қайшылыққа түсті. Сонда олардың кейі иман келтірді де кейі қарсы шықты. Егер Алла қаласа, олар бірін-бірі өлтірмес еді. Бірақ Алла қалағанын істейді. (253)

Әй мүміндер! Сендерге берген несібемізден саудаласу, достық, болысушылық болмайтын бір күннің келуінен бұрын Алла жолында жұмсаңдар. Ал қарсы болушылар, олар залымдар. (254)

Алла (Т.), Одан басқа еш тәңір жоқ. Ол тірі, толық меңгеріп тұрушы, Ол қалғымайды да ұйықтамайды. Көктердегі және жердегі нәрселер Оған тән. Оның құзырында өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді? Олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Олар, Оның қалауынан басқа еш нәрсе білмейді. Оның күрсісі (білімі) көктер мен жерді сыйдырады. Оған, ол екеуін қорғау ауыр келмейді. Және Ол, өте биік, аса зор. (255)

Дінде зорлау жоқ. Расында туралық, азғындықтан ажыратылды. Енді кім жауыздыққа қарсы келіп, Аллаға иман келтірсе, сонла ол рас үзілмейтін (берік) тұтқаны ұстады. Алла әр нәрсені естуші, білуші. (256)

Алла (Т.) иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады. Ал қарсы болғандардың достары шайтан, оларды жарықтан қараңғылықтарға шығарады. Міне солар тозақтық. Олар, онда мәңгі қалады. (257)

(Мұхаммед Ғ.С.) Өзіне Алла патшалық берді деп, Ыбырайым (Ғ.С.) мен Раббы жайында таласқанын көрмедің бе? (Бұл Құдаймын деген бабыл патшасы Намрұд) Сол уақытта Ыбырайым (Ғ.С.): «Раббым өлтіреді де, тірілтеді» деді. Ол: «Мен де өлтіремін де, тірілтемін» деп, (өлімге бұйырылған біреуді қоя беріп, жазықсыз біреуді өлтіртеді) Ыбырайым (Ғ.С.): «Расында Алла күнді шығыстан келтіреді, сен оны батыстан келтірші» деді. Сонда кәпір абыржып қалды. Алла залым елді тура жолға салмайды. (258)

Немесе сондай қабырғалары төбесіне құлаған бір кенттен өткенді көрмедің бе? (Бұл Ғұзайыр Ғ.С.) Ол: «Алла бұны өлгеннен кейін қайтып тірілтеді?»,- деді. Алла оны жүз жыл өлтіріп, соңсоң тірілтіп: «Қанша жаттың?»,- деді. Ол: «Бір күн немесе күннің бір бөлімі жаттым» деді. (Алла): «Олай емес, жүз жыл өліп жаттың, енді тамағыңа сусыныңа бір қара! Өзгермеген. Ал енді есегіңе қара! Сені адамдарға үлгі үшін өстідік. Ал енді сүйектерге қара! Оны қайтып құрастырып, сонан соң оған ет кидіреміз» деді. (Ғұзайыр Ғ.С. шіріген сүйектердің құдыретше құралып, ет бітіп, жанданып түрегелгенін көрді.) Бұл жағдайлар оған ашықша білінгенде: «Сөзсіз Алланың әр нәрсеге күші жететінін білдім» деді. (259)

Сонау заманда Ыбырайым (Ғ.С.): «Раббым! Өлікті қайтып тірілтесің, маған көрсет» деді. (Алла): «Маған сенбейсің бе?»,- деді. (Ыбырайым Ғ.С.): «Әрине сенемін, бірақ жүрегім орнықсын» деді. (Алла Т.): «Құстардан төртеу ұста да өзіңе үйірлестіріп, (сойып араластыр.) Сонсоң әр таудың басына бір бөлшегін қой да сонан кейін оларды шақыр; дереу саған жетіп келеді. Күдіксіз Алланың өте үстем хикмет иесі екенін біл» деді. (Ыбырайым Ғ.С.) Бұйырылғанды орындады. Алланың әмірі бойынша құстар тіріліп келді. (260)

Алла жолында мал сарып қылғандардың мысалы: Әр сабағында, жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла (Т.) тым кең, әр нәрсені білуші. (261)

Сондай қайыр істегендер, бергендеріне міндетсу, ренжіту араластырмаса, (беріп алып бұлданбаса, кейітпесе) оларға Раббыларының құзырында сыйлық бар. Сондай-ақ оларға қорқыныш жоқ, әрі олар қайғырмайды. (262)

Көркем сөз және кешірімділік, артынан бұлдану, кейіту араласқан садақадан жақсы. Алла (Т.) бай, жұмсақ. (263)

Әй мүміндер! Аллаға, ақирет күніне сенбей, адамдарға көрсету үшін мал сарып қылған кісідей, садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар. Міне соның мысалы: Үстінде топырағы бар тас сияқты, оған қатты нөсер жауса, (топырағын шайып) тас күйінде қалдырды. Олардың еңбектері еш болады. Алла қарсы болған елді тура жолға салмайды. (264)

Сондай малдарын Алланың ризалығын тілеп, өз көңілдерін бекіту үшін Алла жолында сарып қылғандардың мысалы: Көтеріңкі жердегі нөсер жауып екі есе өнім берген бақша тәрізді. Сонда оған жаңбыр тимей, дымқыл тисе де өнім береді. Алла (Т.) не істегендеріңді толық көруші. (265)

Сендердің біреулерің, астарынан өзендер шығатын: Құрмадан, жүзімнен әрбір жемістері бар бақшасы болса да өзіне кәрілік жетіп, нашар жас балалары болса, сонда ол бақшаны жалынды құйын келіп өртеп кетуін қалай ма? (Әрине қаламайды) Алла (Т.) түсінерсіңдер деп аяттарын өстіп баян етеді. (266)

Әй мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы. (267)

Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытады да арсыздықты әмір етеді. Ал Алла (Т.) сендерге өз қасынан жарылқауды, кеңшілікті уәде етеді. Алла аса кең, толық білуші. (268)

Алла (Т.) хикметті (терең білімді) қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны ақыл иелері ғана түсіне алады. (269)

Алла жолында не берсеңдер немесе бір нәзір атасаңдар, күдіксіз Алла оны біледі. Және залымдар үшін ешбір жәрдемші болмайды. (270)

Егер садақаларды көрнеу берсеңдер, сонда ол қандай әйбет. (басқаларға жетекшілік болады) Егер оны жасырын беріп әрі оны пақырларға берсеңдер, әрине сендер үшін сондада жақсы. (Алушының абыройы қорғалып, мақтан араласпайды.) Алла сендердің күнәларыңды жарылқайды. Сондай-ақ Алла істегендеріңді толық білуші. (271)

(Мұхаммед Ғ.С.) оларды тура жолға салу саған міндет емес. Бірақ Алла кімді қаласа, тура жолға салады. Ненде қайыр берсеңдер де сонда өздерің үшін; Алланың ризалығын тілеп қана берсеңдер, Алла жолында беретін қайыр өздеріңе толық төленеді әрі сендерге әділсіздік етілмейді. (272)

Сондай Алла жолында қамалып шықпай отырған, жер жүзінде жүре алмайтын, білмегендер, оларды абырой сақтағандықтарынан бай деп ойлайтын пақырларға беріңдер. Оларды бейнесінен-ақ танисың. Олар адамдарға жабысып сұрамайды. Сендер не қайыр берсеңдер расында Алла (Т.) оны біледі. (273)

Сондай малдарын күндіз-түні көмес және көрнеу Алла жолында жұмсағандар, сонда оларға Раббыларының сыйлықтары бар. Сондай-ақ оларға қорқу жоқ және әрі олар қайғырмайды. (274)

Сондай өciм жегендер, (қабырларынан) жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың: “Сауда да бейне өciм” дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Алла сауданы халал, өciмді харам еткен. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тыйылса өткені өтіп кетті. Оның ici Аллаға тән. Ал және кім қайталаса, мінe солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады. (275)

Алла өсімді жояды да сауданы арттырады. Әpi Алла барлық қарсы келуші күнәкарды жақсы көрмейді. (276)

Негізінен иман келтіріп iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқу жоқ әpi олар қайғырмайды. (277)

Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар. Егер сенсеңдер өсімнен қалып қалған (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар). (278)

Егер оны істемесеңдер, (өсім алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздеріңдікі. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар. (279)

Ал егер борышты ауыр жағдайда болса, жақсарғанша қарау керек. Егер де садақа қылсаңдар сендер үшін тағы жақсы. Егер білген болсаңдар. (280)

Аллаға қайтарылатын, сонсоң әpкiмнің еңбегі өздеріне кемітілмей толық бepiлeтін күннен сақсыныңдар. (281)

Әй мүміндер! Егер белгілі бip мерзімге дейін бip-бipiңe борыштансаңдар, сонда оны жазыңдар. Араларыңда бip хатшы дұрыс жазсын. Сондай-ақ хатшы Алланың оған үйретуі бойынша жазудан бас тартпасын. Борышты кici жаздырсын. Раббы болған Алладан қорықсын әpi одан еш нәрсе кeмiтпeciн. Сонда егер борышты есалаң не нашар (жас бала я кәpi) немесе жаздыра алмайтын (сақау т.б.) болса, оның иесі тура жаздырсын. Еркектеріңнен екі айғақ қойыңдар. Егер еркек болмаса онда өздерің ұнатқан айғақтардан бip еркек, екi әйел болады. Егер eкeyiнiң бipi жаңылса, екіншісі оның eciнe салады. Куәлер шақырылған сәтте бас тартпасын. Аз, көп болса да белгілі мерзімге дейін жазудан ерінбеңдер. Осыларың Алланың қасында туралық; куәлік үшін мықтырақ және күдіктенбеуге де жақынырақ. Бipaқ та өзара қолма-қол алып, беретін әзip сауда болса, жазбауларыңның оқасы жоқ. Саудаласқан кезде айғақ қойыңдар. Хатшы да айғақ та зиянға ұшыратылмасын. Егер оны iстесеңдер, рас күнәлі боласыңдар. Алладан қорқыңдар. Әpi Алла сендерге үйретеді. Сондай-ақ Алла (Т.) әр нәрсені толық білуші. (282)

Ал егер сапарда болып, хатшы таба алмасаңдар, онда борыштыдан бодау алуға болады. Егер біріңе-бірің сенсеңдер, (бодаусыз берілсе) сенілген жан аманатын тапсырсын. Сондай-ақ Раббы Алладан қорықсын. Кәулікті (көргендеріңді) жасырмаңдар. Кім оны жасырса жүрегі күнәкар болады. Алла не істегендеріңді толық біледі. (283)

Көктердегі және жердегі нәрселер Алланікі. Іштеріңдегілерді жарияласаңдар да жасырсаңдар да Алла сендерден оның есебін алады. Сонда кімді қаласа, жарылқайды да кімді қаласа, азап қылады. Сондай-ақ Алла (Т.) ның барлық нәрсеге толық күші жетеді. (284)

Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілгенге иман келтірді. Мүміндер де барлығы: Аллаға, періштелерге, кітаптарға және пайғамбарларға иман келтірді. «Елшілердің араларын айырмаймыз, естідік те бой ұсындық. Раббымыз! Сенен жарылқау тілейміз, қайтып барар жеріміз де Сенің алдың» деді. (285)

Алла (Т.) кісіге шамасы келетін міндетті ғана жүктейді; істеген жақсылығы өз пайдасына да, жамандығы зиянына. «Раббымыз! Егер ұмытсақ не жаңылсақ бізді қолға алма. Раббымыз! Бізге бізден бұрынғыларға жүктегеніңдей ауыр жүк жүктеме. Раббым! Бізге шамамыз келмейтінді артпа! Бізді кешір, бізді жарылқа, бізге мәрхамет ет. Сен иемізсің! Бізге кәпір қауымға қарсы жәрдем бер!» (286)

0

2

Лично мне больше нравиться выводить деньги через обменники электронных денег на http://www.kassa24.kz/money. Все быстро и удобно, процент не большой и сайт уже давно проверенный. В случае чего всегда знаешь что делать.

0


Вы здесь » Әссәләумағалейкум Мұсылман Бауырлар ! ! ! » Сүрелер » Бақара сүресінің жалғасы